Ел Президенті «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған бастама аясында А.Нұрманов атындағы мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша «Мамандықтар әлеміне жол ашамыз!» әр сала мамандарының аудандық форумы ұйымдастырылды.
Форум мақсаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, олардың қоғамдағы маңыздылығын көрсету, білім алушыларды кәсіптік-техникалық білім алуға ынталандыру және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беру бағытында алынды.
Форумға мектеп білім алушыларымен бірге аудан мектептерінен 25 білім алушы қатысты. Барлығы 150-ге жуық білім алушы қатысып, түрлі жұмысшы мамандықтарының маңызы мен ерекшеліктері туралы мағлұмат алды. Сонымен қатар, заманның дамуына қарай техника мен технологияның дамығанын түсіндіру мақсатында көрме жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Форум барысында ауылдың әртүрлі сала мамандары Мырзағали Елікбайұлы электр энергиясы жөнінде, Дәуренбек Тұрысбекұлы еңбекқорлықтың арқасында істен шыққан бірнеше трактордың бөлшектерін біріктіріп, жұмысқа жарамды техника құрастырып шығарғанын айтты және кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Мектеп мұғалімдеріде құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик мамандықтары бойынша білім алушылармен бірге шебер сабақтарын жоғары деңгейде көрсетті. «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары табиғатты қорғау саласындағы маңызды жұмыстар жайлы баяндады және егу бойынша тәжірибелік жұмыстарын білім алушылармен бірге жүргізді.
«Қазір экологиялық мамандықтарға сұраныс жоғары. Жастарды осы салаға тарту үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда», – деді аңшы-биолог Рымбек Досымов.
Сонымен қатар, мектеп асханасында аспаздыққа арналған шебер сабақ ұйымдастырылып, білім алушылар дұрыс тамақтану және тағам дайындаудың заманауи әдістерімен танысты. Ал Астана қаласындағы А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, ғылыми зерттеулер мен инновациялар туралы ақпарат берді.
Жұмысшы мамандықтар жылы
