Дана халқымызда «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген әдемі сөзі бар. Ауыл-аймақта мәуелі бақтай жайқалып, берекесі мен бірлігі жарасқан өнегелі әулеттің үлгісін көрсетіп отырған отбасылар баршылық. Мұндай үй көбіне қара шаңыраққа тән. Қазақта қара шаңырақты киелі санаған. Әр отбасының өз қара шаңырағы болады. Сол қара шаңырақтың түпкі мәні не дегенге келсек, ол – содан тараған барлық отбасы, ағайын ынтымағы, баба салтын сақтауы, ата-ана үлгісін үкілеуі, сол жолды жалғастыруы, сөйтіп, ауыл бірлігін, ел бірлігін арттыруы болып табылады.
Біздің кейіпкерлеріміз де «Адал азамат» құндылықтарын бойына сіңірген өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасы. Мектеп оқушылары 50жылдан артық отасқан «Алтын шаңырақ » иелері Баяхметов Шакизада ата мен Жұмабике әженің үйіне арнайы барып құттықтау айтып, сұқбат жасады.
Қара еңбекпен жетілген, адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген, бірлігі жарасқан Баяхметовтер отбасы бүгінде дәстүрді берік ұстанған. Бұл отбасында ата мен бала, ата мен немере, келін мен ене арасындағы сыйластық, өзара ілтипат, бірін-бірі көзқарасынан-ақ ұғынатын тәрбиенің өзегі бар.
Тоқырау жылдарында да кез келген жұмысты істеген Шакизада атамыз ауылды тастап кетпей, ел –жұртымен бар қиыншылықты еңсере білді. Артына еңбексүйгіш ұрпақ қалдырды. Бүгінде бар көрген қиыншылығы артта қалған бұл шаңырақ- болашақ ұрпақтың амандығын тілеп отырған отбасы.
Біз мәуелі бақтай жайқалып, айналасына шуақ шашып отырған өнегелі отбасына берекелі ғұмыр тіледік.